Шымкентте дәрігерлер 20 минут ішінде жүрегі төрт рет тоқтаған науқасты аман алып қалды
Жедел жәрдем бригадасы ер адамды өте ауыр халде жеткізген
Шымкентте №1 қалалық клиникалық ауруханада дәрігерлер 20 минут ішінде жүрегі төрт рет тоқтаған 65 жастағы науқасты өлім аузынан арашалап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жедел жәрдем бригадасы ер адамды өте ауыр халде жеткізген. Тексеру жұмысынан кейін медиктер оған өкпе артериясының тромбоэмболиясы деген диагноз қойды. Бұл – тромб (ұйыған қан) өкпе тамырларын бітеп тастайтын өте қауіпті жағдай.
Жансақтау бөлімінде науқастың жағдайы күрт нашарлап, қысқа уақыт ішінде жүрегі төрт рет тоқтап қалған. Дәрігерлер әр жолы жедел түрде реанимациялық шаралар жүргізіп, науқасты өмірге қайтарып отырды.
Ер адам бір айдан астам уақыт бойы қарқынды терапия бөлімінде ем алды. Мамандардың кәсібилігі мен дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында оның жағдайын тұрақтандыру мүмкін болды. Қазіргі уақытта науқас ауруханадан үйіне шығарылды.