Қазақстандық оқушылар математикадан әлемдік олимпиадада үздіктер қатарына енді

Олимпиадаға 24 елден 148 оқушы қатысты

Қазақстандық оқушылар математикадан әлемдік олимпиадада үздіктер қатарына енді
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан құрамасы әлемдегі ең беделді зияткерлік алаңдардың бірі Balkan Mathematical Olympiad 2026 жарысында үздіктер қатарынан көрінді. 3-8 мамыр күндері Грекияның Салоники қаласында өткен Балқан математикалық олимпиадасында қазақстандық оқушылар 6 медаль жеңіп алып, 24 елдің ішінде жалпы командалық есепте 6-орынға ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биылғы додаға Албания, Болгария, Грекия, Румыния, Сербия, Түркия, Солтүстік Македония және басқа да мықты математикалық мектептері бар 24 мемлекеттен 148 адам қатысты. Қатысушылар арасында әлемдік деңгейде танылған олимпиадалық мектептердің өкілдері болды. Осындай бәсекелі ортада Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, тұрақты дайындық пен жүйелі жұмыстың жемісін дәлелдеді.

Жалпы есепте Қазақстан құрамасының қоржынына 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль түсті.

Алтын медаль иегері – Тимур Мұрат, Алматы қаласындағы Haileybury Almaty мектебінің 12-сынып оқушысы.

Күміс медаль иегерлері:

  • Сұлтанәлі Алиасқар – Астана қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;
  • Бердібек Орынбасар – Атырау облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.

Қола медаль иегерлері:

  • Батырхан Бейғанов – Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы;
  • Әли Еркебұланұлы – Алматы қаласындағы Nurorda мектебінің 11-сынып оқушысы;
  • Арнұр Аңсатов – Қызылорда облыстық №9 «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.

Ұлттық құраманың жетекшілері – Қазақ-Америка университетінің президенті Асылбек Исахов және «Астана-Нұра» зияткерлік мектебінің маманы Мұхтар Қабақ.