Қазақстан соғыс ардагерлеріне қолдау көрсетуден көш бастап тұр

Биыл ардагерлерлерге бағытталған көмек көлемі көршілес елдермен салыстырғанда бірнеше есе жоғары

Қазақстан соғыс ардагерлеріне қолдау көрсетуден көш бастап тұр
Фото: © istockphoto.com

Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында Қазақстан Ұлы Жеңіске үлес қосқан ардагерлерге бұрын-соңды болмаған материалдық қолдау көрсету дәстүрін жалғастыруда. Биыл мемлекет тарапынан ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне бағытталған көмек көлемі көршілес елдермен салыстырғанда бірнеше есе жоғары болып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биыл бір реттік төлемдермен жалпы саны 32,9 мың адам қамтылады. Олардың қатарында тыл еңбеккерлері, қаза тапқан жауынгерлердің отбасы және соғыс кезінде жарақат алған тұлғалар бар. Осы мақсатта бюджеттен 3,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Ерекше назар Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне аударылды. Бүгінде елімізде 57 майдангер тұрады. Тұрғылықты жеріне қарамастан, олардың әрқайсысына 5 млн теңгеден төленді.

Материалдық қолдау деңгейі бойынша Қазақстан аймақтағы өзге мемлекеттерді айтарлықтай басып озды. Елімізде ардагерлерге 5 000 000 теңге төленді. Ал көршілес Өзбекстанда төлем көлемі 30 млн суманы құрады. Беларусьте майдангерлерге 5 мың белорус рублі берілді. Ал Ресейде федералдық 10 мың рубль төлеміне аймақтық үстемелер қосылған күннің өзінде, жалпы көмек көлемі Қазақстаннан бірнеше есе төмен.

Бұл деректер қазақстандық ардагерлердің мемлекет үшін ерекше мәртебеге ие екенін және әлеуметтік қорғау саясатының жүйелілігін айғақтайды.

Қаржылай қолдаудан бөлек, әрбір қаһарманға жеке көңіл бөлу дәстүрге айналған. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміз отандастарымыздың жауынгерлік және еңбек ерліктерін қастерлеп сақтайды.