Жаңбыр, найзағай: 7 мамыр күні ауа райы қандай болады

Отан қорғаушылар күні елдің бірқатар өңірінде найзағай, бұршақ, қатты жел мен шаңды дауыл күтіледі

Жаңбыр, найзағай: 7 мамыр күні ауа райы қандай болады
Фото: istockphoto.com

Синоптиктер 7 мамыр, бейсенбі күнге арналған Қазақстан аумағындағы синоптикалық жағдай мен қауіпті метеорологиялық құбылыстарға қатысты болжам ұсынды. Синоптиктердің мәліметінше, Отан қорғаушылар күні қазақстандықтарды жаңбырлы ауа райы күтіп тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Болжамға сәйкес, жауын-шашынсыз ауа райы республиканың шығысы мен оңтүстік-шығысында ғана сақталады.

«Солтүстік-батыс циклоны мен оған байланысты атмосфералық фронттар Қазақстан аумағының басым бөлігінде найзағаймен бірге жаңбыр әкеледі. Елдің батысында және солтүстік-батысында қатты жаңбыр, бұршақ, екпінді жел күтіледі... Республика бойынша жел күшейеді, солтүстік пен оңтүстікте шаңды дауыл болуы мүмкін», – деп мәлімдеді «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі.

Синоптиктердің дерегінше:

  • Қызылорда, Қарағанды, Павлодар облыстарында, Ұлытау және Абай облыстарында, Түркістан облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және орталығында, Жамбыл облысының солтүстігінде, батысында, шығысында және орталығында, Алматы облысының солтүстігі мен орталығында, Жетісу облысының батысында, солтүстігінде және орталығында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Ақмола облысының оңтүстік-шығысында, Солтүстік Қазақстан облысының батысында, Шығыс Қазақстан облысының батысы мен солтүстік-батысында жоғары өрт қаупі күтіледі;
  • Жетісу облысының оңтүстік-шығысы мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.