«Казцинк» кәсіпорнындағы жарылыстан зардап шеккендерді Астанаға емдеуге жіберу жоспарланып отыр
Елордадағы орталық мамандары науқастарды санитарлық авиация арқылы жеткізуге дайындап жатыр
Өскеменге республикалық бас реаниматолог Бақыт Жаркімбеков пен республикалық бас комбустиолог Жомарт Жалғаспаев келді. Олар зардап шеккендерді қарап, шұғыл консилиумдарға қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, денесінің көп бөлігін күйік шалған науқастың жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер оны күйік шогынан шығару үшін қарқынды ем жүргізіп жатыр. Науқасты Астанаға тасымалдау мәселесі жағдайы тұрақтанғаннан кейін қаралады.
Тағы бір зардап шеккен адамның омыртқасына зақым келген. Оны 7 мамыр күні санитарлық авиация арқылы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының нейрохирургия бөліміне арнайы операция жасау үшін жеткізу жоспарланып отыр.
Жалпы оқиғадан кейін Шығыс Қазақстан облысындағы мамандандырылған медициналық орталыққа бес адам жеткізілді. Олардың екеуі ауруханаға жатқызылса, қалғандарына амбулаториялық көмек көрсетіліп жатыр.
Ведомствоның мәліметінше, жағдай ШҚО денсаулық сақтау басқармасының бақылауында.