Жамбыл облысында жанармайды заңсыз тасымалдағандар ұсталды
Қордай ауданында заңсыз схема кең етек жайған
Жамбыл облысында жыл басынан бері жанар-жағармай материалдарын заңсыз тасымалдауға қатысты 300-ден астам заңбұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әсіресе Қордай ауданында заңсыз схема кең етек жайған. Кейбір азаматтар автокөліктерін әдейі қайта жабдықтап, қосымша жанармай бактарын орнатып алған. Мұндай тәсіл жанармай көлемін жасанды түрде арттырып, оны шекара асырып қайта сатуға мүмкіндік берген.
Қазіргі уақытта облыстың барлық шекара маңындағы аудандарында жүйелі тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша жүргізушілерге айыппұл салынып, хаттама толтырылды. Көліктердің мемлекеттік нөмірлері алынып, заңсыз конструкциялар толық жойылғанша арнайы тұрақтарға қойылатын болады.
Тек жүргізушілер ғана емес, көліктерді заңсыз қайта жабдықтаумен айналысқан техникалық қызмет көрсету орталықтарының иелері де назарға ілікті. Оларға тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істегені және заңсыз конструктивті өзгерістер енгізгені үшін айыппұл салынды.
Полиция бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты жалғасатынын және жанармай тапшылығын тудырмау үшін бақылаудың қатаңдайтынын ескертті.