Жел күшейіп, бұршақ жауады: 13 өңірге дауылды ескерту жасалды

Елдің басым бөлігінде қолайсыз ауа райы күтіледі

Жел күшейіп, бұршақ жауады: 13 өңірге дауылды ескерту жасалды
Фото: istockphoto.com

Елдің бірқатар өңірінде 30 сәуірге қолайсыз ауа райы болжанып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазгидромет» РМК-ның ақпарынша, елдің 13 облысында дауылды ескерту жарияланып, тұрғындарға сақтық шараларын күшейту ұсынылды. Синоптиктердің дерегіне сүйенсек, батыс, солтүстік және оңтүстік өңірлерде жауын-шашын, найзағай, желдің күшеюі, кей жерлерде бұршақ пен шаңды дауыл күтіледі.

Ақтөбе облысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстігінде нөсер күшеюі мүмкін, ал орталығы мен шығысында бұршақ пен дауылды жел болжанған. Желдің екпіні 15–18 м/с-қа дейін жетеді. Облыс орталығында да жаңбыр мен найзағай күтіледі.

Жетісу өңірінде желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін күшейіп, Алакөл маңында 23–28 м/с-қа жетуі ықтимал. Сонымен қатар облыстың шығысы мен оңтүстігінде өрт қаупі өте жоғары деңгейде сақталып отыр.

Қызылорда облысында батысы мен солтүстігінде найзағайлы жаңбыр жауып, кей аумақта шаңды дауыл тұруы мүмкін. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Өңірдің бірқатар бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталған.

Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр мен найзағай күтіледі. БҚО-ның солтүстігі мен шығысында түнгі және таңғы уақытта тұман түсіп, кей жерлерде ауа температурасы -2°C-қа дейін төмендеп, үсік жүруі ықтимал.

Маңғыстау облысында жаңбыр, найзағай және оңтүстігінде бұршақ болуы мүмкін. Жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді, ал түнде тұман түсу қаупі бар.

Қарағанды, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарында желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Бұл өңірлердің бір бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталып отыр.

Атырау облысының шығысында жаңбыр мен найзағай болжанса, Павлодар облысының солтүстігінде де өрт қаупі жоғары деңгейде.

Түркістан және Жамбыл облыстарының таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін күшейіп, кей аумақта тұман түсуі ықтимал.

Синоптиктердің мәліметінше, ауа райының күрт құбылуы тұрғындардан барынша сақтықты талап етеді.