Оқушылардың ЖИ-ді белсенді қолдануы: Аймағамбетов шектеу мәселесін көтерді
Осыған байланысты теңгерім сақталуы керек
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов оқушылардың жасанды интеллектіні қолдану мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тіпті жасанды интеллектіні қолдану мәселесіне келсек, мен өзім де оны қолданамын, бұл – қалыпты жағдай. Бірақ мәселе оны қалай пайдаланып жатыр. Мысалы, мен бірінші немесе төртінші сыныптағы баланың оны үнемі қолдануына қарсымын. Себебі бұл баланың белгілі бір когнитивтік қабілеттерінің дамуына кері әсер етеді. Бұл адам жүре алмай тұрып, оған бірден экзоскелет кигізгенмен тең. Ондай жағдайда ол ешқашан өздігінен жүруді үйренбейді. Сондықтан «экзоскелетті» адам алдымен өзі жүріп үйренгеннен кейін ғана қолдану керек», – деді депутат.
Ол өз сөзінде бала ең алдымен өзі жазып, оқып үйренуі тиіс екенін де ерекше атап өтті.
«Қазіргі ғылым да жаттаудың маңызын жоққа шығармайды, өйткені есте сақтау қабілетін дамыту қажет. Сонымен қатар, каллиграфия да маңызды, баланың қолмен жазуы, саусақ моторикасының дамуы оның жалпы дамуына әсер етеді. Ал егер бала бастауыш сыныптан бастап жасанды интеллектке тәуелді болып қалса, яғни тапсырмаларды тек соның көмегімен орындаса, мұғалім сұрақ қойған кезде де тек соған сүйенсе, бұл дұрыс емес. Сондықтан біз бұл жерде белгілі бір теңгерімнің сақталуы қажет екенін айтып отырмыз», – деді ол.