Оқушы мектепте ұялы телефон қолдана ала ма: Аймағамбетов бірыңғай ереже енгізуді ұсынды
Смартфонға қатысты жаңа тәртіпті министрлік айқындауы мүмкін
Мектептерде мобильді телефон қолдану тәртібіне қатысты жаңа өзгерістер ұсынылып отыр. Бұл мәселе Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы аясында көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда әр мектеп смартфон пайдалануға қатысты ережені өз бетінше белгілейді. Соның салдарынан бірыңғай талап жоқ, ал бұл жағдай мектептер арасында әртүрлі тәжірибенің қалыптасуына әкелген.
«Бүгінде әр мектеп смартфондарды пайдалану саясатын өз бетінше анықтайды. Бірыңғай ереже жоқ. Нәтижесінде бір мектепте телефонға тыйым салынса, екіншісінде рұқсат етілген, ал кейбірінде мүлде басқа тәртіп қалыптасқан», – деді депутат.
Оның сөзінше, мұндай ала-құлалық мектеп директорлары үшін де қиындық туғызады. Олар ата-аналармен болатын даулар мен шағымдардан қашып, нақты шешім қабылдаудан тартынатын жағдайлар кездеседі.
«Осыған байланысты депутаттар бұл мәселені орталықтандыруды ұсынып отыр. «Смартфондарды пайдалану саясатын Оқу-ағарту министрлігі айқындауы тиіс. Сонда бірыңғай, барлығына түсінікті ереже қалыптасады және ол еліміздің барлық мектебіне ортақ болады», – деді Аймағамбетов.