Инвестиция 59 млн долларға жетті: Бектенов Чехияның премьер-министрімен кездесті

Қазақстан мен Чехия арасындағы көлік байланысын дамыту перспективалары талқыланды

Инвестиция 59 млн долларға жетті: Бектенов Чехияның премьер-министрімен кездесті
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Астанаға ресми сапармен келген Чех Республикасының премьер-министрі Андрей Бабишпен кездесу өткізді. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, энергетикалық, көлік-логистикалық, цифрлық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Чехия Қазақстанның Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің қатарына кіреді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі $705 млн-ды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 13%-ға ұлғайды, Чехиядан тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны $59 млн-ға жетіп, 39%-ға өсті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкіметі инвестицияларды тарту, технологиялық әріптестік және экономиканың шикізаттық емес салаларын дамыту үшін дәйекті түрде жағдай жасауда. Чехия – Қазақстан үшін Еуропалық Одақтағы сенімді серіктесі. Біздің екіжақты ынтымақтастығымыз өнеркәсіпте, энергетикада, көлік логистикасында, цифрландыруда және жасанды интеллектіде нақты жобалар түрінде практикалық жалғасын табуы маңызды», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Чехия Республикасының премьер-министрі Андрей Бабиш Қазақстанмен химия өнеркәсібі, энергетика, су ресурстары және басқа да перспективалы бағыттар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екендіктерін атап өтті.

Қазақ-чех өзара әріптестігінің ең берік негіздерінің бірі – өнеркәсіптік кооперация, онда сервистік хабтарды дамыту және өндірісті локализациялауға баса назар аударылып отыр. Аса маңызды минералды ресурстар бойынша терең өңдеуді дамытуға, технологиялар трансферіне баса назар аударыла отырып, өзара әріптестік перспективалары қарастырылды.

Энергетикалық ынтымақтастыққа және экологиялық технологиялар мен озық инженерлік шешімдерді енгізу арқылы кәсіпорындарды жаңғырту саласындағы әріптестік перспективаларына ерекше назар аударылды. Атом энергетикасындағы, оның ішінде «Қазатомөнеркәсіптің» ČEZ компаниясымен ынтымақтастығы шеңберінде өзара іс-қимыл мүмкіндіктері атап өтілді. Отын циклі қызметтері саласында, сондай-ақ технологиялық алмасу, мамандар даярлау және аралас индустриялық жобаларды жүзеге асыру бағытында қосымша әлеует бар.

Қазақстан мен Чехия арасындағы көлік байланысын дамыту перспективалары талқыланды. 2026 жылдың 3 айында теміржол тасымалының көлемі 10,1 мың тоннаны құрады, өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – 18%. 2025 жылдың қорытындысы бойынша автомобиль тасымалдарының көлемі 38 мың тоннадан асты. Қазақстанның географиялық орналасуы мен дамып келе жатқан көлік инфрақұрылымы чех бизнесіне өңірлік нарықтарға шығу мүмкіндігін ашады.

Цифрландыру саласында GovTech және жасанды интеллектіні дамыту бағыттары бойынша бірлескен бастамалардың әлеуеті ерекше атап өтілді. «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялар тарту және халықаралық бизнесті қолдау алаңы ретіндегі рөлі атап өтілді. Бұл платформада чехиялық компаниялар, соның ішінде Wood & Company инвестициялық қоры жұмыс істейді.

Гуманитарлық және білім беру байланыстарын дамыту аясында Қазақстан мен Чехия белсенді академиялық алмасуды қолдап, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамытып, бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыруда. Биоалуантүрлілікті және экологиялық бастамаларды қорғау саласында бірегей түрді сақтауға бағытталған ҚР-да Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру бойынша бірлескен жұмысқа назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы ұзақмерзімді және өзара тиімді экономикалық серіктестікті дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру және іскерлік байланыстарды нығайтуға дайын екендерін растады.