Өскеменде тәттіқұмар ұры 10 күнде дүкеннен ондаған қорап шоколад ұрлаған

Күдікті тез арада анықталды

Өскеменде тәттіқұмар ұры 10 күнде дүкеннен ондаған қорап шоколад ұрлаған
Фото: Видеодан скрин

Өскеменде ер адам он күн бойы жергілікті шағын маркеттердің бірін тұрақты түрде тонап келген. Осы аралықта ол ондаған қорап шоколад ұрлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тауардың жоғалғаны бірден байқалмаған. Дүкен әкімшілігі қызметкерлер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап шыққаннан кейін ғана полицияға жүгінген. Белгілі болғандай, белгісіз біреу бір жарым аптаға жуық уақыт бойы дүкенге келіп, сөрелердегі тауарларды жасырын түрде алып шығып жүрген.

Ұрының таңдауы күнделікті қолданатын заттар мен тәттіге түскен. 10 күн ішінде ол 80-ге жуық «Merci» кәмпит қорабын, 25 дана «Қазақстандық» шоколадын және бірнеше құты кофе мен сусабын ұрлап үлгерген.

Дүкенге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 300 мың теңгені құрады.

«Үлбі полиция бөлімінің қызметкерлері «тәттіқұмар» ұрыны тез арада анықтады. Ол белгілі бір тұрғылықты жері жоқ 33 жастағы ер адам болып шықты. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. ШҚО Полиция департаменті мұндай «тегін сауда» жасаған үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді», – делінген ПД хабарламасында.