Тоқаев Ибраһим келісімдерін Астанада өткізуді ұсынды, ал Израиль тікелей әуе рейсін ашуға мүдделі

Мемлекет басшысының сөзінше, аталған келісімдер өңірлік тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді

Тоқаев Ибраһим келісімдерін Астанада өткізуді ұсынды, ал Израиль тікелей әуе рейсін ашуға мүдделі
Фото: akorda.kz

Қазақстан Ибраһим келісімдеріне ресми қосылу рәсімін Астанада өткізуі мүмкін. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль президенті Ицхак Герцогпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президенттің айтуынша, бұл келісімдер өңірлік тұрақтылықты күшейтіп, экономикалық байланыстарға серпін береді.

“Өзіңізге мәлім, Қазақстан бұған дейін қабылдаған шешімін ұстанады. Ибраһим келісімдеріне ресми түрде қосылу рәсімін таяу келешекте Астанада ұйымдастыруға болады деп есептейміз. Сонымен қатар жасанды интеллект және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Биыл Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрландыру жылы болып жарияланды. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін”, – деді Тоқаев.

Израиль тарапы да екіжақты қатынастардың оң динамикасын атап өтті. Сондай-ақ Израиль басшысы көлік-логистика бағытындағы байланысты күшейтуге ниетті екенін айтып, тікелей әуе қатынасын ашуға мүдделі екенін мәлімдеді. 

“Президент мырза, Қазақстан толеранттылық пен конфессияаралық диалогтың бірегей үлгісін көрсетіп отыр. Сол үшін Сізге алғыс айтамын. Сонымен қатар екі ел арасындағы іскерлік байланыстар мен тауар айналымын арттыруға мүмкіндік мол екеніне назар аударғым келеді. Бұл бағытта нақты шаралар қабылдай аламыз”, – деді Ицхак Герцог.

Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар саяси диалогты жалғастыруға және ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге келісті.