Алматы облысында туған әкесін ұрып өлтірген ер адам сотталды

Алматы облысында мас күйде болған ер адам әкесін аяусыз соққыға жыққан

Алматы облысында туған әкесін ұрып өлтірген ер адам сотталды
Фото: istockphoto.com

Алматы облысында туған әкесін соққыға жығып, өліміне себеп болған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот мәліметінше, 10 қазан 2024 жылы Райымбек ауданына қарасты Қайнар ауылында айыпталушы мен оның әкесі арасында тұрмыстық кикілжің туындаған. Жанжал кезінде алкогольдік масаң күйде болған ер адам әкесінің басы мен денесіне қолымен де, аяғымен де бірнеше мәрте соққы жасаған.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы жәбірленушінің өлімі кеуде тұсының ауыр жарақатынан болғанын көрсетті. Қабырғалардың сынуы мен өкпенің зақымдануы салдарынан травматикалық шок туындап, соңы қайғылы жағдаймен аяқталған. Сарапшылар денеге кемінде 15 соққы тигенін анықтап, бұл жарақаттарды өмірге қауіпті ауыр зиян ретінде бағалаған.

Айыпталушы сотта кінәсін мойындамағанымен, тергеу кезінде берген бастапқы жауабы мен жиналған дәлелдер оның қылмысқа қатысын толық растаған.

Сот үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Жаза белгілеу кезінде сот қылмыстың ауырлығын, сотталушының жеке басын, бұрын жауапқа тартылмағанын, сондай-ақ жәбірленуші тараптың кешірім бергенін ескерген. Сонымен бірге, қылмыстың мас күйде жасалуы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде бағаланған.

Бұдан бөлек, сотталушыдан сараптама шығындары өндіріліп, жәбірленушілерге өтемақы қорына міндетті төлем жүктелді. Үкім заңды күшіне енді.