Шекарада ірі мал контрабандасының жолы кесілді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Түркістанда 1000 бас ұсақ малды заңсыз әкетпек болған жүк көліктері ұсталды

Фото: istockphoto.com

Қазақстан шекарасында ауыл шаруашылығы жануарларын заңсыз сыртқа шығаруға бағытталған әрекет тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қолданыстағы шектеулерге қарамастан, жекелеген тұлғалар жалған құжаттарды пайдаланып, қалыптасқан арналар арқылы малды шетелге заңсыз әкетуді ұйымдастыруға тырысқан.

24 сәуір күні Түркістан облысында жедел іс-шара барысында мемлекеттік шекарадан өту кезінде өткізу бекеттерінің бірінде шамамен 1000 бас ұсақ мал тиелген бірнеше жүк көлігі ұсталған. Ведомствоның дерегінше, осының арқасында малдың заңсыз экспортына тосқауыл қойылып, ішкі нарықтағы ықтимал тапшылықтың алдын алуға мүмкіндік туған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Тәртіп сақшылары жануарлар мен оларды тасымалдаған көлік құралдарын тәркілеген.