ҚазҰУ-да деректердің таралуынан кейін декан мен қызметкерлер жұмыстан кетті

Министрлік киберқауіпсіздік талаптарын күшейтіп, жүйені орталықтандырмақ

ҚазҰУ-да деректердің таралуынан кейін декан мен қызметкерлер жұмыстан кетті
Фото: almaty.hipdir.com

Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің жеке деректерінің таралуына қатысты бірқатар жауапты тұлғалар қызметінен босатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәліметінше, аталған жағдай адами фактордың салдарынан туындаған. Осыған байланысты университеттің деканы мен бірнеше қызметкер жұмыстан алынған. Қазір деректердің сақталуына жауапты жүйелер қайта қаралып, қауіпсіздік талаптары күшейтіліп жатыр.

Министрдің айтуынша, ведомство киберқауіпсіздік шараларын жүйелі түрде жаңартып, деректерді қорғау хаттамаларын жетілдіруді қолға алған. Бұл бағытта мемлекеттік күзет қызметінің мамандары тартылып, жауапты қызметкерлерге арналған оқыту семинарлары өткізілген. Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздікке жауап беретін барлық мамандар кезең-кезеңімен қайта даярланып жатыр.

Саясат Нұрбектің дерегінше, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар орталықтандырылып, бірыңғай жоғары білім беру платформасы арқылы барлық деректерді қорғау тетіктері күшейтіледі.

Еске салсақ, бұған дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттердің жеке деректерінің интернетте ашық таралуы қоғамда резонанс тудырған еді. Желіде олардың аты-жөнімен бірге жеке өміріне қатысты мәліметтердің жариялануы сынға ұшырады. Аталған жайт бойынша Алматы прокуратурасы тергеу бастаған.