Қазақстанға ағылған шетелдік студент – бюджетке түскен миллиард

Шетелдік жастар 22 млрд теңге әкелді

Қазақстанға ағылған шетелдік студент – бюджетке түскен миллиард
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда білім алып жатқан шетелдік студенттер ел экономикасына айтарлықтай қаржы құйып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, 27 сәуір күні Мәжіліс кулуарында айтылған деректерге сүйенсек, 2025–2026 оқу жылында шетелдік студенттер арқылы шамамен 22 млрд теңге тартылған. Қазіргі таңда елде 30 мыңға жуық шетелдік азамат білім алып жүр.

Министрдің айтуынша, Қазақстанға келген халықаралық жоғары оқу орындарының филиалдары ең алдымен шетелдік талапкерлерді тартуға бағытталған. Бұл өз кезегінде білім экспортын күшейтіп, елге қосымша табыс әкелуге мүмкіндік береді.

Мәселен, Cardiff University филиалында оқу құны 13 500 доллар шамасында. Бұл негізгі кампуспен салыстырғанда шамамен 50% арзан. Мұндай айырмашылық Қазақстанды шетелдік жастар үшін қолжетімді білім ортасына айналдырып отыр.

Қабылдау талаптарын әр оқу орны дербес айқындайды, алайда гранттар тек қазақстандық талапкерлерге беріледі. Шетелдік студенттер негізінен ақылы негізде оқиды.

Министрлік дерегінше, шетелдік аудиторияны кеңейту үшін халықаралық деңгейде белсенді жұмыс жүргізілуде. Қазақстан Қытай мен Әзербайжандағы білім көрмелеріне қатысып, қазір Индонезияда насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алдағы кезеңде Моңғолия мен Вьетнам бағытында да жұмыс күшеймек.

Сондай-ақ, Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың әсерінен басқа елдерден Қазақстанға ауысып оқу немесе жаңадан түсуге қызығушылық артып отыр. Бұл фактор да шетелдік студенттер ағынын көбейтеді деген болжам бар.

Жалпы алғанда, халықаралық университет филиалдары тек білім сапасын арттыру құралы ғана емес, сонымен қатар экономикалық тиімді жобаға айналып келеді.