Алматыда жеке сот орындаушысы бюджет ақшасын ұрлаймын деп түрмеден бір-ақ шықты

Оған қатысты сот үкімі жарияланды

Алматыда жеке сот орындаушысы бюджет ақшасын ұрлаймын деп түрмеден бір-ақ шықты
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Алматы қаласында жеке сот орындаушысы бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала прокуратурасы жеке сот орындаушыларының қызметіне жүргізілген тексеру барысында бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады.

Анықталғандай, жеке сот орындаушысы өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, 2024 жыл ішінде алимент өндіру бойынша атқарушылық іс жүргізулер шеңберінде өз қызметіне ақы ретінде бюджеттен заңсыз түрде 4,2 млн теңге алған.

Бір атқарушылық іс жүргізу бойынша төлем жылына бір реттен артық төленбеуі тиіс деген заң талаптарын бұза отырып, сот орындаушысы Әділет департаментіне 47 атқарушылық іс бойынша 76 рет қайталама есеп жолдап, сол арқылы ақшалай қаражатты заңсыз алған.

«Алмалы аудандық сотының үкімімен кінәлі тұлға 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, 5 жыл мерзімге тиісті қызметпен айналысу құқығынан айырылды», – делінген прокуратура хабарламасында.