Қазақстандық бітімгерлер Сирия халқына медициналық көмек көрсетті
Мұнда тұрғындарға медициналық көмек көрсетілді
БҰҰ-ның бөлінуді бақылау жөніндегі күштері миссиясы құрамында қызмет етіп жатқан қазақстандық бітімгерлер Сирияның Трунжа елді мекенінің тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Сирияның оңтүстік-батысындағы Кунейтра провинциясында қазақстандық әскери қызметшілер Сирия Араб Қызыл Жарты ай қоғамының өкілдерімен бірлесіп, арнайы лагерь құрды. Мұнда тұрғындарға медициналық көмек көрсетілді.
Акция барысында басты назар балалар мен қарт адамдарға және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға бөлінді. Сондай-ақ азаматтық соғыстан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға да көмек көрсетілді.
Әскери дәрігерлер 93 пациентті тексеріп, оларға кеңес берді және қажетті дәрі-дәрмектерді таратты.
Тұрғындар арасында ең жиі кездесетін диагноздар – ЖРВИ, артериялық гипертензия, қант диабеті және тірек-қимыл аппаратының аурулары.
«Қазақстандық бітімгерлер жедел әрекет етуге дайын екенін көрсетті. Бұл еліміздің халықаралық деңгейдегі абыройын арттыруға ықпал етеді», — делінген министрлік хабарламасында.
Бұл шара Қазақстанның әлемдік бітімгершілік қызметіндегі белсенділігін тағы бір мәрте дәлелдеді.