Астанада есірткі таратты деген күдікпен 19 жастағы жігіт ұсталды

Оның үйінен ірі көлемде тыйым салынған заттар тәркіленді

Астанада есірткі таратты деген күдікпен 19 жастағы жігіт ұсталды
Фото: © istockphoto.com

Астана қаласының полицейлері қала аумағында есірткі таратты деген күдікпен жас жігітті қолға түсірді. Күдіктінің сөмкесі мен жалдамалы пәтерінен ірі көлемде тыйым салынған заттар тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, әкімшілік учаскені аралау кезінде учаскелік инспектор күдікті әрекетімен көзге түскен жас жігітті байқаған. Тексеру барысында 19 жастағы елорда тұрғынының сөмкесінен оқшаулағыш таспамен оралған 8 ірі түйіншек табылды.

Әр түйіншектің ішінде ақ түсті ұнтақ салынған 20 кішігірім қапшық болған. Сараптама нәтижесі бойынша, бұл зат — «альфа-PVP» синтетикалық есірткісі.

Полицейлер күдікті тұратын жалдамалы пәтерді тінту кезінде кофенің екі қағаз ыдысына салынған есірткіні және тыйым салынған заттарды өлшеуге және орауға арналған құралдарды тәркіледі.

Бұдан бөлек, ұсталған азамат қала аумағында есірткі жасырып кеткен тағы екі орынды көрсетті. Ол жерлерден ішінде 10 орамасы бар екі түйіншек табылды.

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.