Атырау облысында жаңа мәдениет үйлері бой көтеріп жатыр

Қазіргі таңда ғимаратты пайдалануға беру үшін тиісті құжаттар рәсімделіп жатыр

Атырау облысында жаңа мәдениет үйлері бой көтеріп жатыр
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Атырау облысындағы Асан және Азғыр ауылдарында жаңа мәдениет үйлері салынып жатыр. Заманауи талаптарға сай жабдықталған нысандар шалғайдағы тұрғындардың мәдени демалысын жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құрманғазы ауданының Асан ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы толық аяқталды. Қазіргі таңда ғимаратты пайдалануға беру үшін тиісті құжаттар рәсімделіп жатыр.

Кеңес дәуірінде болған ескі мәдениет үйі жекешелендіріліп, кейін бұзылып кеткен еді. Осы уақытқа дейін мәдениет қызметкерлері мен балалар үйірмелері (соның ішінде домбыра үйірмесі) ауылдық әкімдік ғимаратында жұмыс істеп келген. Жақын арада жаңа нысан 544 тұрғыны бар ауыл жұртшылығының игілігіне берілмек.

Азғыр ауылында да 100 орындық мәдениет ошағының құрылысы қызу жүріп жатыр. Бұл нысанды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

 

 «Бұған дейін ауылда мәдениет үйі мүлдем болмаған. Бұл жоба жергілікті тұрғындардың сұранысы бойынша жүзеге асырылып жатыр», — дейді ауылдық округ әкімі Арон Ғұмаров.

Жаңа мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылып, заманауи техникалармен жабдықталады. Сонымен қатар, нысандардың айналасын абаттандыру және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары қарастырылған.