«AMANAT» партиясы экологиялық бастаманы қолдау мақсатында Астанада қалалық сенбілік өткізді

Шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында ұйымдастырылды

«AMANAT» партиясы экологиялық бастаманы қолдау мақсатында Астанада қалалық сенбілік өткізді
Фото: AmANAT партиясының баспасөз қызметі

Бүгін «AMANAT» партиясының белсенділері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері Астанада қалалық сенбілікке қатысты. Іс-шара Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенбілікке «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қатысты. Рақымжан Қошқарбаев даңғылы бойындағы аумақта партияластар шамамен 50 түп ағаш екті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазалық мәдениетін қалыптастыру мен табиғатқа ұқыпты қараудың маңызын үнемі айтып келеді. Осы тұрғыда, жүздеген мың қазақстандықты біріктірген «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы ерекше маңызға ие. Бұл бастама қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, аумақтарды көгалдандыруға және қоғамның мәдениетін арттыруға бағытталып отыр.

Осы күн тәртібін қолдай отырып, «AMANAT» партиясы елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға ықпал ететін экологиялық жобаларды жүйелі жүзеге асырып келеді.

Партияластар жыл сайын жалпықалалық сенбіліктерге қатысады. Биыл Орталық аппарат қызметкерлері мен партия белсенділері Рақымжан Қошқарбаев даңғылы бойында жұмыс істеді. Сенбілік барысында аумақ қоқыстан тазартылып, шамамен 50 түп ағаш егілді. Сондай-ақ абаттандыру жұмысы атқарылды.

Еске сала кетейік, «AMANAT» партиясы тұрақты түрде «Таза бейсенбі» акциясын өткізіп келеді. Акция басталғалы бері ел аумағында 2,5 мыңнан астам ластанған аумақ тазаланып, 100-ден астам су айдыны ретке келтірілді. Атап айтқанда, Каспий теңізінің, Балқаш және Зеренді көлдерінің, Кеңгір су қоймасының, сондай-ақ Ертіс, Нұра, Есіл және Талас өзендерінің жағасы ретке келтірілді. Нәтижесінде ел аумағында 200 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, акцияға шамамен 125 мың адам қатысты.

Сонымен қатар партияның «Жастар Рухы» жастар қанаты жыл сайын «Taza Qazaqstan» road-эстафетасын өткізуде. Бұл іс-шара бүгінде игі дәстүрге айналды. Былтыр осы эстафета аясында 1200 шақырымдық «Алматы – Қызылорда» автожолының жиегі тазаланды. Бір аптада 3 мыңнан астам қатысушы Шымкент, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда өңірлерін қамтыды. Нәтижесінде шамамен 150 тонна қоқыс жиналып, сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберілді.

«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да экологиялық бастамаларды ілгерілетуге және табиғатқа жауапкершілікпен қарауға бағытталған жобаларға қолдау көрсете береді.