Инфляцияның беті қайтты: Ұлттық банк баяулау үрдісін растады
Баға өсімі шарықтау шегінен кейін төмендей бастады, әсері енді сезілуде
Қазақстанда инфляция біртіндеп төмендеу траекториясына өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тимур Сүлейменов мәліметінше, 24 сәуірде өткен брифинг қорытындысы баға өсімінің қарқыны бәсеңдей бастағанын көрсетті. Оның айтуынша, инфляцияның ең жоғары деңгейі 2025 жылдың қыркүйегінде тіркеліп, 12,9%-ға жеткен. Соңғы 4–5 ай ішінде қабылданған ақша-несие саясаты мен Үкіметтің қосымша шаралары нәтижесінде бұл көрсеткіш шамамен 2%-ға төмендеген.
Ұлттық банк басшысы базалық мөлшерлемені арттыру секілді қатаң монетарлық қадамдардың әсері бірден байқалмайтынын, бірақ уақыт өте келе экономикалық процестерге ықпал ете бастағанын атап өтті. Қазіргі кезеңде сол саясаттың нәтижесі нақты көрініс бере бастаған.
Сонымен қатар, инфляцияны тежеуге жанар-жағармай бағасы мен коммуналдық тарифтерге енгізілген мораторий де айтарлықтай ықпал еткен. Жалпы алғанда, қаржы реттеушісі жүргізген саясат пен Үкіметтің шаралары баға тұрақтылығын біртіндеп қалпына келтіруге бағытталғаны байқалады.