$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.07.2020, 14:29
Жаңалықтар

БҚО-да той өткізген тұрғындарға 1,5 млн теңге айыппұл салынды

Облыс әкімі аудандарда санитарлық тәртіп бірдей емес екенін айтты

БҚО-да той өткізген тұрғындарға 1,5 млн теңге айыппұл салынды
Фото: ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысында той өткізген тұрғындарға 1,5 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиев Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Аудандарда санитарлық тәртіп бірдей емес. Кеше көшеде бір жас жігіт жақындап, үйлену тойын өткізуге рұқсат сұрады. Тойға көп адам шақырмаймыз, қонақтар саны 30 адамнан аспайды деді. Мен неге той-томалақтар өткізуге болмайтынын түсіндірдім, ол бәрін ұққандай болып кетті. Айтайын деген ойым, біздің арамызда кейбір адамдарға тойлар мен садақалар туысқандары мен достарының денсаулығынан маңызды болып отыр», - деп жазды облыс әкімі.

Оның айтуынша, облыс аудандарында 5-17 шілде аралығында мониторингтік топтар көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салу ережелерін бұзған тұрғындарды анықтады. Жәнібек ауданында (Жәнібек ауылы, Борсы ауылы), Теректі ауданында (Федоровка ауылы, Абай ауылы), Жаңақала ауданында Жаңақала ауылында 50 адамға дейін үйлену тойлары өткен. Ұйымдастырушылар мен той иелеріне 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

«Осы аталған аудандарда коронавирустың таралу қаупі бар. Сондықтан осы аудандардың тұрғындары жерлестерінен осындай шараларды өткізбеуді талап етуі тиіс. Егер тойлар мен садақалар жалғаса беретін болса, онда бұл аудандардағы жағдай күрделене түседі. Олсыз да бізде дәрігерлер мен медбикелер тапшылығы әлі де бар. Бірақ кейбір аудандарда, ауылдық жерлерде оң өзгерістер бар. Жақында мен Тасқала ауданында іссапармен болдым. Дәрігерлер аудандық ауруханаға келетін науқастар саны азайғанын атап өтті», - дейді ол.

Облыс әкімі бүгінде ауданда 3 жылжымалы медициналық топ құрылғанын, олардың белсенді жұмыстарының арқасында қоңыраулар саны 3 есе кемігенін айтты.

«Сонымен қатар аудандық аурухананың дәрігерлері Telegram мессенджерінде топ ашып, аудан тұрғындарына онлайн-кеңестер өткізіп жатыр. Жергілікті кәсіпкерлер мен облыстың белсенді азаматтарының есебінен көршілес Саратов облысынан аудандық ауруханаға қосымша дәрі-дәрмектер сатып алынған. Стационарлық және амбулаториялық ем алушылар тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Барлық ауылдық округтерге дәрі-дәрмектерді арнайы медицина қызметкерлері жеткізіп жүр. Сондай-ақ, пандемия кезінде ауылдық округ тұрғындары дәрі-дәрмектерді аудан, облыс орталықтарына бармай ауылдық ФАП арқылы тапсырыс бере алады», - деп жазды әкім.

Ол облыс аудандарында эпидемиологиялық жағдай әртүрлі екенін атап өтті.

«Барлық аудан қалыпты өмір ырғағына қайта оралуы үшін бәріміз жауапкершілікті арттыруымыз қажет. Қарым-қатынасты азайту арқылы туыстарымыз бен достарымыздың өмірлерін сақтап қаламыз. Сонда ғана бізде науқастар саны азаяды. Бұл біздердің дәрігерлерге көрсеткен үлкен көмегіміз болады», - деп жазды ол.

Серіктес жаңалықтары