Пәтер жөндеу дауы: Астана тұрғыны компанияны сотқа беріп, жеңіп шықты

Оған 850 мың теңге көлемінде шығын келген

Пәтер жөндеу дауы: Астана тұрғыны компанияны сотқа беріп, жеңіп шықты
Фото: istockphoto.com

Елорда тұрғыны 2025 жылы жекеменшік компаниямен пәтер жөндеу жұмысына 70 күнтізбелік күн ішінде орындау туралы шарт жасасқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алайда ЖШС өз міндеттемелерін толық көлемде орындамаған. Тапсырыс беруші сотқа жүгініп, ЖШС бірқатар жұмысты, оның ішінде есіктерді орнату, теледидар аймағын жасау және декоративті панельдерді қою жұмысын орындамағанын көрсеткен. Осыған байланысты ол басқа мамандарды тартуға мәжбүр болып, қосымша шығындарға ұшыраған.

Сонымен қатар, оның айтуынша, ЖШС жұмыскерлері – еңбек етуге рұқсаты жоқ шетел азаматтары – оның келісімінсіз пәтерде тұрып, артынан лас қалдықтар қалдырып, мүлкіне зиян келтірген. Интерьерді қалпына келтіру және тазалау шығындарын да тапсырыс беруші өзі көтерген.

Сотқа дейінгі шағымдар жауапсыз қалған. Талап қоюда әйел жалпы сомасы 850 мың теңге көлемінде шығындарды, өсімпұлды және моральдық зиянды өтеуді сұраған.

«Істі сот талқылауына дайындау кезеңінде Астана қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі сотында тараптар аумақтан тыс соттылықты қолдану туралы өтінішхаттар берген. Соттың ұйғарымымен іс Жамбыл облысы Меркі аудандық сотына қарауға жіберілген. Меркі аудандық сотында судья-бітімгердің көмегімен тараптар медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісімге келген. Сот келісімді бекітіп, соған сәйкес ЖШС тапсырыс берушіге 850 мың теңгені төрт төлеммен төлеуге міндеттенді, ал тапсырыс беруші талап қоюынан бас тартты», – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды, талап қоюшыға төленген мемлекеттік баж қайтарылды. Ұйғарым заңды күшіне енді.