Астанада Аралды құтқару жөніндегі саммит қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды

Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттерінің басшылары сондай-ақ Қор президентін сайлау туралы шешімге қол қойды

Астанада Аралды құтқару жөніндегі саммит қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Арал тағдыры – аймақ елдеріне төнген зор экологиялық қауіп-қатер ғана емес, нақты нәтижеге жету жолындағы әрекеттердің сыналар шағы екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Аймақтың тағдыры тек қана өз қолымызда, сенімді диалог пен елдеріміз арасындағы тығыз ынтымақтастыққа тікелей байланысты. Құрметті әріптестер, президенттер, қадірлі бауырлар, бәріңіз су мәселесінің маңызын жақсы түсінетін ықпалды әрі тәжірибелі азаматсыздар. Өңірде су болмаса, Орталық Азия елдерінің де күні қараң. Су жастарымыздың тұрмысын жақсартып, болашағын жарқын етеді. «Су – тіршілік көзі». Бүгінгі саммит Халықаралық Аралды құтқару қорының қызметіне тың серпін беріп, халықтарымыздың игілігі жолындағы өңірлік өзара ықпалдастықтың жаңа кезеңіне айналады деп сенемін», – деді Қазақстан Президенті.

Кеңес отырысында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбай сөз сөйледі.

Саммит қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

  • «Халықаралық Аралды құтқару қорына Қазақстан Республикасының төрағалық ету барысы туралы» Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшыларының шешімі;
  • «26 наурызды Арал теңізінің, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күні деп жариялау жөнінде» Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшыларының шешімі;
  • «Халықаралық Аралды құтқару қорының Президентін сайлау туралы» Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшыларының шешімі;
  • Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшыларының Астана мәлімдемесі.