Тоқаев БҰҰ аясында Халықаралық Арал теңізі күнін белгілеуді ұсынды

26 наурыз Халықаралық Арал теңізі, Әмудария және Сырдария өзендері күні болып жарияланды

Тоқаев БҰҰ аясында Халықаралық Арал теңізі күнін белгілеуді ұсынды
Фото: Дмитрий Ермаков

Мемлекет басшысының пікірінше, аймақтағы су мәселелері мен экологиялық сын-қатерлер арта түскен сәтте өзара келісімге келіп, кедергілерді бірлесіп еңсеру үшін күш-жігер жұмылдыру, бірлік таныту – өте маңызды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Баршаңызға белгілі, Қырғызстанның Қордағы қызметі тоқтап тұр. Бұл – Қырғыз мемлекетінің өз еркі. Қазақстан оған құрметпен қарайды. Бұл ретте Қазақстан ведомстволар арасындағы жұмыс деңгейінде Қырғызстанмен байланыстың дамуын жоғары бағалайды және қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға дайын. Орталық Азияның орнықты дамуы үшін Қырғызстанның тәжірибесі өте маңызды. Сондықтан еліміз Қырғызстанның Халықаралық Аралды құтқару қорындағы қызметін ертелі-кеш жаңғыртады деп есептейді. Біз бұған тек қуанар едік. Қордың аймақтағы рөлін нығайту мақсатында көпжақты ықпалдастықтың түрлі форматында, соның ішінде Консультативтік кездесулердің күн тәртібінде су мәселесін қарастыруды ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Президент сұранысқа ие жобалардың қосымша қорын жасақтау үшін халықаралық ұйымдармен, донорлармен және қаржы институттарымен бірлескен жұмысты күшейтудің маңызына тоқталды.

«Бүгін Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында БҰҰ-ның мамандандырылған институты ретінде Халықаралық су ұйымын құру туралы бастаманы қайта көтердім. Мұндай құрылымды жасақтау – уақыт талабы. Бұл бастаманы халықаралық су қоғамдастығы да қолдап отыр. Аталған тетік аймақтағы су қауіпсіздігін сақтау мәселесінде әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін шоғырландыруға ықпал етеді. БҰҰ аясында жұмыс істейтін мұндай институт ешбір елге, әсіресе, Орталық Азия мемлекеттеріне зиянын тигізбейді. Сондықтан осы бастамаға қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Тіпті, оны Біріккен Ұлттар Ұйымына Орталық Азия елдерінің ортақ жобасы ретінде ұсынуға болады. Осылайша, Орталық Азияның бірқатар мемлекеттерінің астаналарында UN Water ұйымының жекелеген сегменттерін ашуға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, БҰҰ аясында Арал су жүйесінің, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күндерін бекіту туралы бірлесіп бастама көтерген жөн. Сол арқылы Аралдың су экожүйесін сақтау мәселесіне әлем назарын аудара аламыз. Мен айтқан ұсыныстардың барлығы біздің ортақ мүддемізге сай келеді. Бұл – саяси популизм емес, оның ешқандай астары да жоқ», – деді Мемлекет басшысы.