Елордада тәртіпке бағынбаған жүргізушілер көбейген

Жыл басынан бері 50 мыңнан астам көлік иесі тұрақ ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Елордада тәртіпке бағынбаған жүргізушілер көбейген
Фото: depositphotos.com

Астанада көлікті тоқтату және тұраққа қою талаптарын бұзған жүргізушілерге қатысты бақылау күшейтіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елордалық полицияның мәліметінше, мұндай құқық бұзушылықтар қала тұрғындарының еркін қозғалуына кедергі келтіріп қана қоймай, көлік ағынын тежейді, сондай-ақ кіреберістер мен пандустарға қолжетімділікті шектейді. Әсіресе бұл жағдай мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалар арбасымен жүрген ата-аналар үшін айтарлықтай қиындық туғызады.

Құқық бұзушылықтар патрульдеу кезінде де, бейнебақылау камералары арқылы да анықталып жатыр. Бақылау әсіресе тұрғын үйлердің аулалары мен әкімшілік, қоғамдық нысандар маңында күшейтілген.

Бір тәуліктің өзінде шамамен 130 жүргізуші тұрақ ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылса, тағы 140-қа жуық жүргізуші жол белгілерінің талаптарын елемеген. Соның салдарынан 200-ден астам автокөліктің мемлекеттік нөмірі тәркіленген.

Жекелеген деректерде жүргізушілердің көліктерін рұқсат етілмеген орындарға қалдырып, аулаға кіреберісті, пандустарды және шлагбаумдарға апаратын жолдарды жауып тастағаны анықталған. Мұндай әрекеттердің салдары кей жағдайда төтенше жағдайларда жедел қызметтердің жетуін де қиындатуы мүмкін.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері елордада тұрақ ережесін бұзғаны үшін 50 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 1,5 мыңнан астамы бұл талаптарды бірнеше рет қайталап бұзған.

Құзырлы орган өкілдері қала тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады. Дұрыс қойылмаған көлік өзге адамдарға қолайсыздық туғызумен қатар, кей жағдайда қауіпсіздікке де тікелей әсер етуі мүмкін.