Мәдина Әбілқасымова елімізде рейтинг агенттігін құруды ұсынды

Мәжілісте рейтингтік қызмет туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр

Мәдина Әбілқасымова елімізде рейтинг агенттігін құруды ұсынды
Фото: istockphoto.com

Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасына өзгерістерді таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құжат Қазақстанда алғаш рет кредиттік рейтингтік агенттіктердің жұмысын реттейтін құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Әбілқасымованың айтуынша, қазір елде халықаралық рейтингтік агенттіктер жұмыс істегенімен, ұлттық рейтингтік жүйе толық қалыптаспаған.

«Ұлттық рейтингтік жүйені құру шағын және орта бизнес үшін капитал нарығына шығуды жеңілдетеді. Бұл қарыз алу құнын төмендетуге, ақпараттық ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді», – деді Әбілқасымова.

Заң жобасы аясында Қазақстанда ұлттық рейтингтік агенттік құру ұсынылып отыр. Оның акционерлері қатарында Ұлттық банк, халықаралық агенттіктер және қаржы ұйымдары болады.

Сонымен қатар, құжат рейтингтік агенттіктерге бірқатар қатаң талап енгізеді:

  • қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету;
  • мүдделер қақтығысын болдырмау;
  • рейтингтерді тек бекітілген әдіснама негізінде беру;
  • жыл сайын әдіснамаларды жаңарту;
  • рейтингтер мен тәуекелдер туралы деректерді жариялау.

Бұдан бөлек, агенттіктердің тәуелсіздігін күшейту шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, талдаушылардың сыйақысы клиенттердің табысына тәуелді болмауы тиіс, сондай-ақ оларға бағаланатын компаниялардың қаржы құралдарын иеленуге тыйым салынады.

Заң жобасы рейтингтік қызметті мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың толық жүйесін енгізуді де көздейді. Уәкілетті орган халықаралық агенттіктерді тану, мониторинг жүргізу және талаптарды бұзған жағдайда олардың мәртебесін кері қайтарып алу құқығына ие болады.

Әбілқасымованың мәліметінше, бұл бастама қаржы нарығының ашықтығын арттырып, инвесторлардың сенімін күшейтуге бағытталған.