Эминем мен Шакира Алматыға келе ме: әкімдік нақты жауап берді
Әлемдік жұлдыздардың концерті әзірге тек алдын ала жоспар деңгейінде
Алматыда Eminem мен Shakira концерт береді деген ақпарат әзірге расталған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, бұл мәселе қалалық Қоғамдық кеңестің №5 комиссиясының отырысында көтерілген. Сол жиында «Спорттық нысандар дирекциясы» ЖШС-нің бас директоры Есет Байтасов халықаралық гастрольдік тур аясында аталған әртістердің Қазақстанға келуі мүмкін екенін айтқан.
Алайда әкімдік бұл ақпараттың тек таныстыру сипатында болғанын нақтылады. Қазір концерттерді өткізу мәселесі әлі пысықталып жатыр. Ресми келісімдер жасалмаған, сондай-ақ нақты күндері мен өтетін орындары бекітілмеген.
Қала билігі барлық келіссөздер аяқталғаннан кейін ғана ресми мәлімет жарияланатынын жеткізді. Бұған дейін аталған әртістердің Алматыда өнер көрсететіні туралы ақпарат қоғамда кеңінен тараған еді.