AMANAT жаңа кадрлық мектеп ашады: ауылдан басталатын басқару реформасы
Партия жергілікті деңгейдегі басқарушыларды қайта даярлауға кірісті
«AMANAT» партиясы өңірлердегі басқару сапасын арттыруға бағытталған жаңа білім беру жобасын іске қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бағдарлама аясында ауыл әкімдері, мәслихат депутаттары мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері арнайы оқытудан өтеді.
Жоба партияның Саяси менеджмент академиясы базасында жүзеге асырылады. Негізгі мақсат жергілікті жерлерде кәсіби, шешім қабылдай алатын және қоғаммен тиімді жұмыс істейтін басқарушы буынды қалыптастыру. Оқыту бағдарламасы басқарушылық құзыреттерді дамытуға, стратегиялық ойлауды күшейтуге, көшбасшылық қабілеттерді жетілдіруге және мемлекеттік жобалық басқару тәсілдерін меңгеруге бағытталған. Алғашқы кезең Абай облысында басталады.

Мәжіліс төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, қазіргі жаһандық өзгерістер жаңа талаптар қалыптастырып отыр.
«Мемлекет басшысы “Алған дипломың өмір бойы азық болады” деген түсініктің ескіргенін айтып жүр. Оның орнына “Өмір бойы оқы және үйрен” қағидасы келді. Сондықтан жергілікті кадрларды жаңа талапқа сай оқыту – уақыт талабы», – деді ол.
Оның мәліметінше, бүгінгі таңда ауыл әкімдері мен мәслихат депутаттары – халықпен тікелей жұмыс істейтін негізгі буын.
«Олар мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудан бастап, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға дейінгі кең ауқымды міндеттерді атқарады. Азаматтардың сенімі олардың кәсіби деңгейі мен коммуникация сапасына тікелей байланысты», – деді Мәжіліс төрағасы.

Жаңа жоба болашақ басқарушыларды іріктеп, оларды мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметке дайындайтын жүйелі платформаға айналмақ. Бағдарлама аясында партияның кадрлық резерві жасақталып, бәсекеге қабілетті көшбасшыларды ілгерілету көзделген.
«AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринованың айтуынша, оқу бағдарламасы тәжірибеге негізделген.
«Бұл теория емес, нақты жұмыс барысында қажет болатын дағдыларды үйрететін бағдарлама. Қатысушылар түрлі жағдайларда шешім қабылдауды іс жүзінде меңгереді», – деді ол.

Бағдарламаны әзірлеуге Назарбаев Университеті, AlmaU, SDU және Білім-инновация лицейлері ғалымдары қатысқан. Бағдарламаның модульдік құрылымын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы республикалық оқу-әдістемелік кеңес мақұлдаған.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың айтуынша, мемлекеттік қызметке іріктеу кезінде партия мүшелерінің әлеуеті белсенді пайдаланылып жатыр.
«Бүгінде цифрлық, ашық іріктеу жүйесі арқылы бәсекеге қабілетті кадрларды тартуға басымдық беріліп отыр», – деді ол.

Халықаралық сарапшылар да жобаға оң баға берген. Istanbul Kent University факультет деканы Хасрет Чомактың айтуынша, бағдарлама нақты нәтижеге бағытталған.
«Бұл бастама тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал ететін шешімдер қабылдай алатын басқарушыларды даярлауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Абай облысының әкімі Берік Уәли жаңа оқу модульдерінің практикалық маңызына тоқталды.
«Бағдарлама ауыл әкімдерінің заңнаманы іс жүзінде қолдану дағдысын қалыптастырады. Олар бюджетті басқаруды, кіріс көздерін арттыруды және өңірлік экономиканы дамыту тетіктерін меңгереді», – деді өңір басшысы.

Жобаға мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындары мен өңірлік құрылымдардың өкілдері қатысып отыр. Оқыту процесі офлайн және онлайн форматта қатар жүргізіледі.