Елдің басым бөлігін дауыл мен бұршақ жайлайды: 15 сәуірге ауа райы ескертуі жарияланды

Елдің басым бөлігінде жаңбыр, найзағай, күшті жел күтіледі

Елдің басым бөлігін дауыл мен бұршақ жайлайды: 15 сәуірге ауа райы ескертуі жарияланды
Фото: istockphoto.com

Қазақстан аумағында 15 сәуірде ауа райы күрт құбылып, бірқатар өңірде қауіпті құбылыстар болжанып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазгидромет мәліметінше, атмосфералық фронттардың әсерінен республика көлемінде тұрақсыз ауа райы қалыптасады. Көптеген аймақта жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батыс, солтүстік және орталық өңірлерде, сондай-ақ оңтүстіктің таулы аймақтарында жауын-шашын күшейіп, бұршақ жаууы мүмкін. Желдің екпіні артып, кей жерлерде қатты дауылға ұласуы ықтимал.

Солтүстік өңірлерде жауын-шашын аралас сипат алады. Жаңбыр мен қатар қар түсуі мүмкін. Бұған қоса, ел аумағында тұман түсіп, көріну қашықтығы төмендейді. Оңтүстікте шаңды дауыл күтілсе, солтүстікте көктайғақ қаупі сақталады.

Ең күрделі жағдай Маңғыстау облысында, сондай-ақ солтүстік пен шығыс аймақтарда болжанып отыр. Бұл өңірлерде желдің жылдамдығы секундына 30 метрден асып, өте қатты дауыл тіркелуі мүмкін.

Сонымен қатар Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары, Жетісу, Қарағанды және Абай облыстарында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр. Мұндай жағдайда төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын күшейту қажеттігі ескертіледі.