Қазақстан азаматтары Ресейде арнайы қосымша арқылы бақыланады

Жаңа талап 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді

Қазақстан азаматтары Ресейде арнайы қосымша арқылы бақыланады
Фото: istockphoto.com

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақстандықтар Ресейге жұмыс немесе оқу мақсатымен кіретін болса, «RuID» мобильді қосымшасын пайдалануы міндеттеліп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығының баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа талапқа сәйкес, шетел азаматтары «RuID» қосымшасында жеке профиль ашып, Ресей аумағына кіру туралы электронды өтінімді шекарадан өтуден кемінде 72 сағат бұрын тапсыруы тиіс. Өтінім қаралғаннан кейін қосымшада жеке QR-код қалыптасады. Аталған QR-код елге кіру құқығын растайтын құжат болып саналады және өтінім берілген күннен бастап 90 күн бойы жарамды.

Сарапшылардың айтуынша, бұл жаңашылдық көші-қон процестерін цифрландыруға бағытталғанымен, азаматтар үшін қосымша талаптар мен жауапкершілікті арттырады.

 «Бұл жүйе белгілі бір деңгейде тәртіп орнатып, қауіпсіздікті күшейтуі мүмкін. Алайда цифрлық сауаты төмен немесе техникалық мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қиындық туғызуы ықтимал», — дейді мамандар.