«Ата-анасымен бірге қонаққа барған»: Қарағандыда төрт жасар бүлдіршін 4-қабаттан құлап кетті
Оқиға 12 сәуір күні болған
Қарағанды қаласында 4 жасар бүлдіршін көпқабатты үйдің төртінші қабатынан құлап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Департаменттің мәліметінше, оқиға 12 сәуір, жексенбі күні Гүлдер-1 шағын ауданында болған. 2022 жылы туған бала тоғыз қабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтердің терезесінен құлап кеткен.
«Бала ата-анасымен бірге Астанадан Қарағандыға қонаққа келген. Ата-анасы мен туыстары басқа бөлмеде болған сәтте, жалғыз қалған бала терезеден құлап кеткен. Бала көпсалалы жарақатпен ауыр халде ауруханаға жеткізілді», – делінген ведомство хабарламасында.
Қарағанды облысы ТЖД ата-аналарға мынадай ескерту жасады:
- балаларды ешқашан қараусыз қалдырмау;
- терезелерге арнайы блокираторлар мен құлыптар орнату;
- терезе алдына жиһаз қоймау қажет.
«Москит торлары баланың салмағын көтере алмайды. Жақындарыңызды қорғаңыздар», – деп ескертті мамандар.