Интернет-алаяқтық: Шымкентте 2 хакер, іздеуде жүрген 3 қылмыскер ұсталды

Ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі жойылды

Шымкентте интернет-алаяқтыққа қарсы «Антифрод» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, 1 ақпаннан бері жүргізіліп жатқан жұмыс аясында киберқылмыспен күрес саласында нақты нәтижелерге қол жеткізілген.

«Интернет-алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген 3 қылмыскер ұсталды, ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі жойылды, сондай-ақ 2 хакердің заңсыз әрекеті тоқтатылды.

Сонымен қатар SIM-карталарды заңсыз іске қосумен айналысқан 5 адам ұсталып, олардан 3000-нан астам SIM-карта және 18 ұялы телефон тәркіленді», – деп хабарлады ведомство.

Киберқылмыстар жасағаны үшін 37 адам жауапкершілікке тартылып, тағы 27 азамат есепке алынған.

«Антифрод» жүйесінің көмегімен 15,5 млн теңгеден астам қаражат бұғатталып, 18 мыңнан астам алаяқтық қоңыраудың жолы кесілді. Сондай-ақ қылмыстық мақсатта пайдаланылған 337 интернет-ресурсқа қолжетімділік шектелді.