Шымкентте алаяқтар әжейді алдап-сулап, 9 млн теңгесін алып кеткен
Полиция дер кезінде көмекке жетіп, ақшасын қайтарып берді
Шымкентте киберполиция ірі интернет-алаяқтықтың жолын кесіп, зейнеткерге 9 млн теңгесін қайтарып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шымкентте полиция ірі интернет-алаяқтық дерегінің алдын алып, қарт тұрғынға ұрланған қаражатын қайтаруға көмектесті.
ІІМ мәліметінше, алаяқтар зейнеткерге хабарласып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Психологиялық қысым жасап, түрлі айла-тәсілдерді қолданып, әйелді құпия деректерін айтуға және белгілі бір әрекеттер жасауға көндірген. Соның салдарынан оның банктік шотынан қомақты қаржы заңсыз аударылған.
Жәбірленушінің арызына жедел әрекет еткен киберполиция қызметкерлері қажетті іс-шаралар кешенін жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ақша аударылған арна дер кезінде анықталып, қаражаттың әрі қарай қолма-қол ақшаға айналдырылуына жол берілмеді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары жәбірленушіге 9 млн теңгені қайтарып берді.
«Полицейлер мұндай қылмыстардың, әсіресе, егде жастағы азаматтарға қатысты жиі кездесетінін атап өтеді. Осыған байланысты тұрғындарды сақ болуға шақырады. Жеке деректерді, SMS-кодтарды және банк картасының мәліметтерін ешкімге жария етпеу қажет. Күдікті қоңырау түскен жағдайда дереу полицияға хабарласыңыз», – делінген ІІМ хабарламасында.