Елордада 200 зейнеткер сауықтыру флешмобын өткізді

Осылайша, олар салауатты өмір салтын насихаттамақ

Елордада 200 зейнеткер сауықтыру флешмобын өткізді
Фото: БҰӨО

Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Дүниежүзілік денсаулық күніне орай «Денсаулық – зор байлық» атты ауқымды спорттық флешмоб өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Таңғы сауықтыру жаттығуларына «Ғашықтар» аллеясына 200-ге жуық зейнеткер жиналды. Шараны Нұра ауданы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған орталықтың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, дене белсенділігін арттыру және тұрғындарды тұрақты түрде спортпен шұғылдануға ынталандыру.

Қатысушылар алдымен қыздыру жаттығуларын жасап, кейін йога, пилатес, оңалту гимнастикасы және скандинавиялық серуен бағыттары бойынша топтарға бөлінді. Әр топ нұсқаушылардың жетекшілігімен жаттығулар орындап, қауіпсіздік пен дұрыс техникаға ерекше мән берді.

Шара барысында «Қыздар-ай» және «Аңыз» би ұжымдарының өнері жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қатысушылар тек көрермен болып қалмай, би қимылдарын бірге қайталап, флешмобқа белсенді қатысты. Нұра ауданының бөлім басшысы Мұрат Темірболатов та қатысушыларға қолдау білдіріп, флешмобқа қосылды.

Іс-шара «Атамекен» және «Нұра әуендері» ансамбльдерінің өнерімен қорытындыланды. Ал скандинавиялық серуен тобы Олимпиаданың бес сақинасын бейнелеп, ерекше көрініс ұсынды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қоғамда денсаулық мәдениетін қалыптастырып, белсенділік пен бірлікті нығайтуға, сондай-ақ сергектік пен жақсы көңіл-күй сыйлауға ықпал етеді.