Балалардың құқығын қорғау: Астанада жаңа басқарма өз жұмысын бастады

Ерекше назар мемлекеттік мекемелермен өзара іс қимылға және әрбір бала өзін қауіпсіз әрі қорғалған сезінетін орта қалыптастыруға аударылады

Балалардың құқығын қорғау: Астанада жаңа басқарма өз жұмысын бастады
Фото: freepik.com

2026 жылдың 23 қаңтарында Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы өз қызметін бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл – әрбір баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және әл ауқатын арттыруды негізгі мақсат еткен мемлекеттік мекеме. Басқарма басшысы – Серік Әділбаев.

«Бүгінде балалардың құқықтарын қорғау, тек мемлекеттің міндеті ғана емес, бүкіл қоғамның маңызды жауапкершілігі. Басқарма азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және кәмелетке толмағандарға уақтылы көмек көрсетуге бағытталған жүйелі жұмысты орындайды.

Ерекше назар мемлекеттік мекемелермен өзара іс қимылға және әрбір бала өзін қауіпсіз әрі қорғалған сезінетін орта қалыптастыруға аударылады», – делінген басқарма хабарламасында.

Егер сіз баланың құқықтары бұзылған жағдайға куә болсаңыз, бей жай қарамаңыз. Сіз басқармаға жүгініп, қажетті көмек ала аласыз.

Байланыс нөмірі: +7 7172 55 73 58. Орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Бейбітшілік көшесі, 11 ғимарат.