Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында тағы да жол апаты болды (ВИДЕО)

Оқиға бүгін таңғы сағат 5:46-да болды

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында тағы да жол апаты болды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылында 6 сәуір күні тағы бір жол-көлік оқиғасы тіркелді. Осыған дейін дәл осы жерде адам өлімімен аяқталған апат болған еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін таңғы сағат 5:46-да қаланың Медеу ауданында Hyundai маркалы автокөлік жүргізушісі жол апатына ұшыраған.

«Әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта келе жатқан Hyundai жүргізушісі Меңдіқұлов көшесінің қиылысында көлігін басқара алмай, кедергіге соғылған. Атап айтқанда, оңға бұрылу кезінде жолайрықтың бөлгіш тірегіне соқтығысқан», – деп мәлімдеді ведомство.

Полицияның дерегінше, жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші мен оның жолаушысына медициналық көмек қажет болған, ал автокөлікке айтарлықтай зақым алған.

Апаттың мән-жайын Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр.

Оқиға орнынан куәгерлер түсірген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады.