Жетісу облысында із-түзсіз жоғалып кеткен балықшы табылды
Ол түнде бағыт-бағдарынан жаңылып, далада қалған
Жетісу облысындағы Аягөз өзеніне балық аулауға шығып, хабар-ошарсыз кеткен ер адам аман-есен табылды. Достары үйіне оралғанымен, ол түнде бағыт-бағдарынан жаңылып, далада қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 1969 жылы туған азамат 3 сәуір күні достарымен бірге балық аулауға шыққан. Ол Сарқан ауданындағы Лепсі ауылынан шамамен 100 шақырым қашықтықта орналасқан Аягөз өзенінің бойында жоғалып кеткен.
«Аталған азамат түнгі уақытта бағыт-бағдарынан жаңылып, достарынан адасып қалған. Онымен бірге барған екі жолдасы ер адамды таба алмай, үйлеріне өздері ғана оралған», - деп хабарлады мекеменің баспасөз қызметі.
Балықшыны іздеуге Төтенше жағдайлар департаменті және Полиция департаментінің қызметкерлері мен техникалары жұмылдырылды. Сондай-ақ жоғалған адамның туыстары да іздеу жұмысына ат салысты.
Іздеу жұмыстарының нәтижесінде ер адам басқа балықшылар қонған жерге жақын маңнан табылды.
Қазіргі уақытта азаматтың денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ. Ол медициналық көмекке мұқтаж болмағандықтан, үйіне жеткізілді.