Теміртауда зейнеткерді аяусыз соққыға жыққан жасөспірімдерге сот үкімі шықты

Айыпталушылардың ішінде кәмелетке толмағандар да бар

Теміртауда зейнеткерді аяусыз соққыға жыққан жасөспірімдерге сот үкімі шықты
Фото: istockphoto.com

Қарағанды облысында Теміртаудағы қарт кісіге жасалған шабуылға қатысты резонансты іс бойынша үкім жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айыпталушылар орнында тоғыз адам, оның ішінде кәмелетке толмағандар да бар.

Мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттың мәліметінше, 2025 жылдың ақпанында айыпталушылар екі рет – 14 және 21 ақпанда 68 жастағы ер адамның пәтеріне заңсыз кірген. Оның дәрменсіз жағдайын пайдаланып, зейнеткерді соққыға жығып, қорлап, бетіне түкіріп, болған жайтты телефонға түсіріп отырған.

Шабуыл салдарынан жәбірленушіге материалдық шығын келтіріліп, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян тиген.

Бұдан бөлек, 24 наурызда кәмелетке толмаған күдіктілердің бірі бір топ адаммен бірге тағы бір ер адамның пәтеріне кіріп, оны ұрып-соғып, 95 мың теңгенің мүлкін алып кеткен.

Сот барысында айыпталушылардың кінәсі олардың ішінара мойындауымен, жәбірленушілер мен куәлардың жауабымен, сондай-ақ сараптама қорытындыларымен дәлелденді.

Прокуратура нақты бас бостандығынан айыру жазасын сұраса, қорғаушылар жеңілірек жаза тағайындауды өтінді. Ал жәбірленушілер заң аясында әділ шешім шығаруды сұраған.

Сот қылмыстың ауырлығын ескеріп, барлық айыпталушыға нақты мерзім кесті. Негізгі айыпталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы бір кәмелетке толмағанға 6 жыл 6 ай, екеуіне 5 жыл 6 айдан, қалғандарына 5 жылдан жаза тағайындалды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.