4 сәуірде бірнеше өңірде дауылды ескерту жарияланды

Бірқатар өңірде найзағайлы жаңбыр жауады

4 сәуірде бірнеше өңірде дауылды ескерту жарияланды
Фото: istockphoto.com

4 сәуірге синоптиктер елорда мен Қазақстанның 15 өңірінде дауылды ескерту жариялады. Республика бойынша жаңбыр, найзағай, бұршақ, тұман және желдің күшеюі күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Астанада күннің соңына қарай жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз шаңды дауыл күтіледі.

Ақмола облысында күндіз батыста, солтүстікте және оңтүстікте жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл, шаңды дауыл болады. Оңтүстік-шығыс желі оңтүстік-батысқа ауысып, күндіз батыс, солтүстік және оңтүстікте екпіні 15–20 м/с жетеді. Көкшетауда да күндіз жел екпіні 15 м/с болады.

Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде тұман түседі. Күндіз батыс пен оңтүстікте найзағай күтіледі. Оңтүстік-шығыс желі батыс, солтүстік және оңтүстікте 15–20 м/с дейін күшейеді. Петропавлда түнде және таңертең тұман, күндіз жел екпіні 15–20 м/с болады.

Қостанай облысында жаңбыр, найзағай, ал солтүстігінде, батысында және оңтүстік-батысында қатты жаңбыр жауады. Күндіз бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Шығысында тұман күтіледі. Оңтүстік-шығыс желі солтүстік-батысқа ауысып, солтүстік, оңтүстік және батыста 15–20 м/с дейін күшейеді. Қостанай қаласында да жаңбыр, найзағай, күндіз кей уақытта қатты жаңбыр, бұршақ, дауыл болады.

Қарағанды облысында күндіз батысы мен солтүстігінде найзағай күтіледі. Шығысында тұман. Оңтүстік-шығыс және оңтүстік желі күндіз батыс пен солтүстікте 15 м/с дейін күшейеді.

Ұлытау облысының батысында, солтүстігінде және орталығында найзағай болады. Оңтүстік және оңтүстік-батыс желі таңертең және күндіз 15–20 м/с, кей уақытта 23 м/с дейін жетеді. Жезқазғанда күндіз жел екпіні 15 м/с болады.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Өскеменде де түнде және таңертең тұман болады.

Абай облысының солтүстігі мен орталығында түнде және таңертең тұман түседі. Аягөз ауданында түнде және таңертең солтүстік-шығыс, шығыс желі 15–18 м/с дейін күшейеді.

Жетісу облысының солтүстігі мен оңтүстігінде, сондай-ақ орталығында жоғары өрт қаупі сақталады. Талдықорғанда да өрт қаупі жоғары.

Жамбыл облысында таңертең және күндіз батысында, оңтүстігінде және таулы аудандарында жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл болады. Таулы аймақтарда тұман күтіледі. Солтүстік-шығыс желі солтүстік-батысқа ауысып, оңтүстік-батыста, солтүстік-шығыста және таулы аудандарда 15–20 м/с, кей жерде 25 м/с дейін күшейеді. Орталығында, солтүстік-батысы мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Таразда күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ болады.

Түркістан облысында күндіз таулы аймақтарда қатты жаңбыр жауады. Оңтүстігінде, батысында, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда найзағай, бұршақ, дауыл күтіледі. Солтүстік-шығыс желі 15–20 м/с дейін күшейеді. Батысында, солтүстігінде және орталығында жоғары өрт қаупі сақталады. Шымкентте таңертең және күндіз найзағай, дауыл, желдің екпіні 15–20 м/с болады. Түркістан қаласында түнде және таңертең найзағай, дауыл күтіледі.

Қызылорда облысында түнде солтүстігінде және орталығында қатты жаңбыр жауады. Солтүстігінде, шығысында және орталығында найзағай, дауыл болады. Оңтүстік-батыс желі 15–20 м/с дейін күшейеді. Шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Қызылордада түнде және таңертең найзағай, дауыл, жел екпіні 15–20 м/с болады.

Ақтөбе облысының шығысы мен оңтүстігінде жаңбыр, найзағай, шығысында кей уақытта қатты жаңбыр күтіледі. Түнде және таңертең батысы мен солтүстігінде тұман түседі. Солтүстік-батыс желі 15–20 м/с дейін күшейеді. Ақтөбеде күндіз жел екпіні 15 м/с болады.

Батыс Қазақстан облысында күндіз батысы мен солтүстігінде жаңбыр, найзағай болады. Түнде және таңертең батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде тұман түседі. Оралда күндіз найзағай, түнде және таңертең тұман күтіледі.

Атырау облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында тұман болады. Атырауда да түнде және таңертең тұман күтіледі.

Маңғыстау облысында күннің екінші жартысында оңтүстік-батысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.