Ақтауда ағасы інісін ұрып-соққан: арнайы жасақ келіп, ұстап алып кетті (ВИДЕО)

Оқиға 1 сәуірге қараған түні сағат 01:30 шамасында болған

Әлеуметтік желіде Ақтау қаласындағы 11-шағынауданда болған оқиғаның видео тарады. Өңірлік полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, оқиға орнында шын мәнінде не болғанын баяндады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға 1 сәуірге қараған түні сағат 01:30 шамасында 11-шағынаудандағы №27 үйдің алдында болған. Оқиға орнында бірнеше полиция қызметкері мен арнайы жасақ болған.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған жерге баруға осы үйде тұратын екі ағайындының арасындағы төбелес себеп болған. Әуелі олардың арасында сөзге келіспеушілік туындап, кейін жанжалға ұласқан. Соның салдарынан ағасы інісін ұрып-соққан. Шу естіген көршілер 102 нөміріне хабарласқан.

Оқиға орнына тәртіп сақшылары мен арнайы жасақ қызметкерлері жедел жеткен. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ облыстық көпсалалы ауруханаға бұл жағдайға байланысты ешқандай өтініш түспегені нақтыланды.