Юпитерден энергия алу идеясын ұсынған: қазақстандық оқушылар әлемдік байқауда жеңіске жетті
Байқауға 23 мыңнан астам оқушы қатысқан
Алматы қаласы Медеу ауданындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары National Space Society ұйымдастырған Space Settlement Contest 2026 халықаралық байқауында ел абыройын тағы да асқақтатты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Әлемнің 31 елінен 23 000-нан астам оқушы қатысқан беделді ғылыми-инженерлік сайыста NIS оқушылары «Icarus: Baiterek» жобасымен 1-орын, ал «Promethius» жобасымен 3-орын иеленді.
Байқау қорытындысы бойынша екі команда да өз жобаларын International Space Development Conference 2026 халықаралық конференциясында таныстыруға шақырту алды. Конференция 2026 жылғы маусымда АҚШ-тың Вирджиния штатында өтеді.
Еске салсақ, NIS Алматы-Медеу командасы өткен жылы да осы байқауда бірінші және екінші орындарды иеленген еді.

«Icarus: Baiterek» жобасы – Юпитер жүйесіндегі Каллисто орбитасында орналасатын өзін-өзі қамтамасыз ететін ғарыш станциясының ғылыми концепциясы. Жоба ғарышта өмір сүру мүмкіндігін қарастырумен қатар, Жер планетасындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Юпитердің жоғарғы қабаттарынан алынған баламалы энергия көздерін Жер жағдайына бейімдеу арқылы қазба отынға тәуелділікті азайту ұсынылады. Станцияда жасанды гравитация жасау, суды 90%-ға дейін тазарту және хлорелла негізінде оттегі өндіру қарастырылған.
«Promethius» жобасы да Каллисто орбитасындағы ғарыш станциясының концепциясына арналған. Станцияның төрт сақинадан тұратын құрылымы айналу арқылы жасанды гравитация қалыптастырады. Жоба ғарыштағы гравитация деңгейлерін, жылуды сақтау және радиациядан қорғану мәселелерін қарастырады.
Сондай-ақ NIS командасы «Paragon Station» жобасымен де байқауға қатысып, арнайы марапатқа ие болды. Бұл жоба Сатурн жүйесіндегі орбиталық станцияның тұжырымдамасын сипаттайды және оны тұрғын, өндірістік әрі ғылыми хаб ретінде ұсынады.
Айта кетейік, Space Settlement Contest – мектеп оқушылары мен студенттерге арналған халықаралық ғылыми-инженерлік байқау, онда қатысушылар ғарышта өмір сүруге арналған станциялар мен колониялардың концепцияларын әзірлеп, тіршілікті қамтамасыз ету, энергия, қауіпсіздік және басқару жүйелерін қамтитын кешенді жобалар ұсынады.