«Екі рет сараптама жүргізілді»: Нұрай Серікбайды өлтірген күдікті неліктен психиатриялық ауруханаға жатқызылды

Автор: Асыл Арман

Полицияның айтуынша күдіктінің психикалық ауытқулары бар екені анықталды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Нұрай Серікбайды өлтірген күдікті неліктен психиатриялық ауруханаға жатқызылғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шымкент қаласының Полиция департаменті мұндай шешімнің себебін түсіндіріп берді. Ведомство мәліметінше, күдіктіге қатысты кісі өлтіру, некеге мәжбүрлеу және сталкинг фактілері бойынша тергеу жалғасып жатыр. Іс бақылауда.

«Екі рет жүргізілген сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің психикалық ауытқулары бар екені анықталды. Осыған байланысты ол мәжбүрлі түрде арнайы медициналық мекемеге емделуге жіберілді. Емдеу аяқталғаннан кейін күдікті тергеу әрекеттерін жалғастыру үшін қайтадан тергеу изоляторына жеткізіледі.

Тергеушілер жәбірленуші тараппен тұрақты байланыста: олармен үздіксіз қарым-қатынас орнатылып, қабылданған барлық процессуалдық шешім бойынша түсіндірме беріледі. Сонымен қатар, заңда белгіленген тәртіпке сәйкес тергеу барысы туралы ақпарат жеткізіліп, сараптама нәтижелері мен іс материалдары түсіндіріледі», – делінген Полиция департаментінің агенттік тілшісіне берген мәліметінде.

Полиция азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырып, жалған ақпарат таратқаны үшін заң бойынша жауапкершілік бар екенін, тіпті қылмыстық жазаға дейін қарастырылғанын ескертті.

Айта кетейік, марқұмның ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, қазіргі уақытта күдікті Талғар қаласындағы мамандандырылған мекемеде жатыр. Қайтыс болған бойжеткеннің туыстары «айыпталушы психикалық ауытқуын алға тартып, жазадан құтылып кетуі мүмкін» деп қауіптенеді.