Ел бойынша ауа райы күрт құбылады: жаңбыр, тұман, дауыл қатар күтіледі
1 сәуірде Қазақстанның барлық өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Қазақстанның барлық өңірінде 1 сәуірге арналған ауа райы болжамына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазгидромет мәліметінше, ел аумағында атмосфералық құбылыстардың күрделенуіне байланысты жаңбыр, найзағай, тұман және қатты жел күтіледі. Кей өңірлерде бұршақ пен дауыл болуы ықтимал.
Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде қатты жаңбыр жауады. Күндіз облыстың бірқатар бөлігінде бұршақ аралас дауыл тұрып, желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді. Орал қаласында да қатты жаңбыр мен бұршақ күтіледі.
Атырау және Маңғыстау облыстарында жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Кей аумақтарда тұман түсіп, желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Ақтауда ауа райы құбылмалы болады.
Ақтөбе облысында жаңбыр мен найзағай күтіліп, желдің бағыты өзгеріп, екпіні 15–18 м/с-қа дейін жетеді.
Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде, соның ішінде Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында тұман жиі түседі. Петропавл маңында көктайғақ болуы мүмкін.
Астанада түнгі және таңғы уақытта тұман күтіледі.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде, атап айтқанда Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының таулы аймақтарында найзағай ойнап, жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Іле Алатауы аумағында өткінші жаңбыр жауады.
Қызылорда облысының кей бөліктерінде найзағай күтіліп, шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Түркістан облысының батысында да өрт қаупі жоғары деңгейде болады.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын сақтауды ескертеді.