Қостанайда полицейді балалардың көзінше жабылып соққыға жыққандар ұсталды

Күдіктілер оқиға орнында қолға түсіп, қылмыстық іс қозғалды

Қостанайда полицейді балалардың көзінше жабылып соққыға жыққандар ұсталды
Фото: жасанды интеллект

Қостанайда қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарға ескерту жасаған полиция қызметкеріне шабуыл жасағандар ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға қала аумағында болған. Полиция қызметкері қызметтен тыс уақытта балаларымен бірге жүрген кезде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған топты байқап, оларға ескерту жасаған. Алайда мас күйдегі азаматтар агрессия танытып, тәртіп сақшысына қарсы күш қолданған.

Шабуылдаушылар полицейді балалардың көзінше жабылып ұрған. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары жедел әрекет етіп, барлық күдіктіні оқиға орнында ұстаған.

Қостанай облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша билік өкіліне күш қолдану фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Құқық қорғау органдары полиция қызметкеріне қол сұғу – заңды өрескел бұзу екенін ескертіп, мұндай әрекеттерге қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді.