Қостанайда бір топ мас адам полицейді балаларының көзінше өлімші етіп тепкіледі (ВИДЕО)
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды
Қостанайда бір топ мас адам қызметінен тыс уақытта кәмелетке толмаған балаларды ертіп келе жатқан полиция қызметкеріне шабуыл жасады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Наш Костанай» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқыс оқиға полицейдің қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ескерту жасағанынан басталған. Оған жауап ретінде топ адам агрессия көрсетіп, күш қолданған.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Ведомство мәліметінше, қызметкер сол сәтте формалық киімде болып, жұмысына бара жатқан.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Полиция қызметкері құқық бұзушыларға ескерту жасағаннан кейін олар ашық агрессияға көшіп, күш қолданды. Шабуыл жасағандардың барлығы анықталып, оқиға орнында ұсталды», – деп хабарлады полиция.
Полиция департаментінің ресми мәліметінше, зардап шеккен полиция қызметкері амбулаторлық ем қабылдап жатыр.
Алайда жағдайы толықтай жақсы емес. Оқырмандардың айтуынша, полицей ауруханаға жеткізілгенімен, ауруханаға жатудан бас тартқан. Егер жағдайы нашарласа, қайтадан дәрігерлерге қаралмақ. Зардап шеккен қызметкер бас-ми жарақатын алып, денесінің әр жерінен соққы алған. Ал оқиға кезінде жанында болған полицейдің балалары дін аман екені хабарланды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, шабуыл жасағандар үшеу болған, ал тағы бірнеше адам, соның ішінде такси жүргізушісі, төбелестің куәгері болған.