Ақылы жолдар табысы 100 млрд теңгеге жетуі мүмкін: қаржы қайда жұмсалады

Жиналған қаражаттың бір бөлігі жол күтіміне, енді бірі техника мен бақылауға бағытталады

Ақылы жолдар табысы 100 млрд теңгеге жетуі мүмкін: қаржы қайда жұмсалады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда 2026 жылы ақылы жолдардан түсетін кіріс 100 млрд теңгеге жуықтауы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің мәліметінше, 2025 жылы ақылы жолдардан 87 млрд теңге жиналған. Ал биыл бұл көрсеткіш 97–100 млрд теңге аралығына жетеді деп болжанып отыр.

Оның айтуынша, жиналған қаражаттың негізгі бөлігі инфрақұрылымды ұстап тұруға бағытталады. Атап айтқанда, шамамен 30% жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарына жұмсалады. Бұл жол сапасын сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі.

Сонымен қатар, қаражаттың 10% арнайы техника мен бейнебақылау жүйелерін жаңартуға және сатып алуға қарастырылған. Соңғы 2 жыл ішінде компания 1200 дана арнайы техника алған. Ал алдағы кезеңде тағы 800 бірлік техника сатып алу жоспарланған. Жалпы қажеттілік шамамен 2000 техникаға жетеді.

Компания басшысы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен жол қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстар да осы қаржыландыру есебінен жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.