Найзағай мен жел: 31 наурызда елдің бір бөлігінде ауа райы құбылады
Синоптиктер батыс пен оңтүстікте жаңбыр, кей өңірлерде өрт қаупі жоғары болатынын ескертті
Қазақстан аумағында 31 наурызға арналған ауа райы болжамын синоптиктер ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, ауқымды антициклонның ықпалынан елдің басым бөлігінде жауын-шашынсыз, тұрақты ауа райы сақталады. Алайда батыс және оңтүстік өңірлерде атмосфералық фронттардың жылжуына байланысты күн райы құбылып, найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Батыс аймақтардың кей бөлігінде нөсер жаңбыр күтіледі.
Сонымен қатар республика бойынша бірқатар қолайсыз құбылыстар болжанып отыр. Батыста тұман түссе, оңтүстік пен орталықта жел күшейеді. Ал оңтүстік-шығыс өңірлерде шаңды дауыл тұруы ықтимал.
Өрт қаупі де бірқатар аймақта жоғары деңгейде сақталады. Атап айтқанда, Қызылорда облысының шығысында, Түркістан облысының батысында, Қостанай облысының оңтүстігінде және Жетісу облысында құрғақ әрі желді ауа райы өрт шығу қаупін арттыруы мүмкін.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының өзгерістерін ескеріп, сақтық шараларын күшейтуге шақырады.