Ақтауда ондаған аққу қырылып қалды: экологтар зертханалық талдау нәтижесін жариялады

Экологтар су сынамасының нәтижесін жариялады

Ақтауда ондаған аққу қырылып қалды: экологтар зертханалық талдау нәтижесін жариялады
Фото: Lada.kz/режиссер Қанат Майлыбаев

Маңғыстау облыстық экология департаментінің мамандары ондаған аққудың өлексесі табылған жерден су сынамаларын алған. Осы сынамалар бойынша жүргізілген зертханалық талдау нәтижелері жарияланды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің мамандары биылғы 25 наурызда Түпқараған ауданына қарасты Сайын Шапағатов ауылындағы жағалау аумағынан су сынамаларын алған. Бұл шара 11 аққудың өлексесі табылғаннан кейін жүргізілген.

«Алынған сынамаларға зертханалық сараптама жасалды. Талдау қорытындысына сәйкес, суда ластаушы заттар анықталған жоқ», – делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, осыған дейін Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласына жақын маңдағы Сайын Шапағатов ауылының маңынан ондаған өлі аққу табылғаны хабарланған.